Ақтөбеде «Халық денсаулығын қорғау: саясат, ғылым, білім, МСАК тәжірибесі» атты ғылыми-практикалық конференция өтті

22 мамыр күні Ақтөбеде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Халық денсаулығын қорғау: саясат, ғылым, білім, МСАК-тағы тәжірибе» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.

                    

Іс-шараны Ақтөбе облысының әкімдігі мен Денсаулық сақтау басқармасы, сондай-ақ «Primary Health Care» Ұлттық қауымдастығы» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастырды.

 

Конференцияға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, МСАК бойынша ДДҰ-ның қашықтағы кеңсесінің, Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілдігінің, Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының, қалалар мен облыстардың  Денсаулық сақтау басқармаларының, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ, МСАК жөніндегі үздік практика орталықтарының, медициналық университеттердің, колледждер мен МСАК ұйымдарының өкілдері қатысты.

 

Іс-шара басталар алдында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев медицина жұртшылығымен кездесті.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов құттықтау сөз сөйлеп, денсаулық сақтауды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде денсаулықты нығайту, медициналық көмектің сапасы мен қол жетімділігін арттыру шаралары» тақырыбында баяндама жасады. Өз баяндамасында ол елдегі медициналық көмектің сапасын жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті.

 

«МСАК-ті дамытуға қатысты айтар болсақ, бүгінде халықты скринингтік бағдарламалармен қамту бірнеше есеге артты. Үш негізгі созылмалы ауру бойынша басқару бағдарламалары сәтті енгізілді. Қамту 200 мыңнан астам пациентті құрады, нәтижесінде асқынулардан емдеуге жатқызу 2,5 есе төмендеді. 165 жаңа МСАК объектілері құрылды, 1 мыңнан астам дәрігерлік учаскелер ашылды - бұл МСАК дәрігеріне жүктемені төмендетуге мүмкіндік берді. ТМККК шеңберінде МСАК-ты қаржыландыру көлемі 40% - ға дейін ұлғайды. МСАК-ты цифрландыру емханалардағы кезекті 2 есеге қысқартуға мүмкіндік берді» - деді министр.

 

«Мейіргер ісі: МСАК мейіргерінің кеңейтілген қызметі» бірінші панельдік сессиясында модератор және баяндамашы болып ДСДРО медициналық білім беруді дамыту бөлімінің бастығы Зәуре Байғожина сөз сөйледі. Өз баяндамасында ол ҚР-да мейіргер ісін реформалау жағдайында мейіргерлік қызметтің жаңа моделін қалыптастыру туралы айтты.

 

МСАК-тағы Үздік практика орталықтарын дамытуға арналған екінші панельдік сессияда ДСДРО басқарушы директоры Сержан Айдосов «Қазақстанның МСАК:Астана декларациясын ілгерілетудегі рөлі» тақырыбында баяндама жасады.

 

Сондай-ақ, МӘМС жағдайында МСАК қаржыландыру сессиясына ДСДРО Денсаулық сақтау экономика орталығының басшысы Зарина Темекова қатысты. Оның баяндамасы «Нәтиже үшін төлем – МСАК мамандарын ынталандырудың жаңа тәсілдері» тақырыбына арналды.