Дүниежүзілік артериялық гипертензиямен күрес күні

17 мамыр күні бүкіл әлем Дүниежүзілік артериялық гипертензиямен (АГ) күрес күнін атап өтеді.

Қазақстанда ересек тұрғындардың 5,5% артериялық қысымның жоғарылауына бейім. Және бұл пациенттердің өтініші тіркелген жағдайлар ғана!

Жыл сайын әлемде 9,4 млн өлім-жітім жағдайы гипертонияның асқынуынан туындайды, олардың басым бөлігі – инсульттар мен жүрек аурулары.  

  Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жоспарлы түрде АГ асқыну қаупін төмендету бойынша алдын алу бағдарламаларын енгізуге бағытталған іс-шаралар кешенін жүргізуде.

30-70 жастағы ерлер мен әйелдер үшін жыл сайын артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруларын ерте анықтауға скринингтен өту мүмкіндігі қарастырылған.

МСАК деңгейінде динамикалық бақылауға жататын 25 нозологияның тізбесіне емдік, диагностикалық және профилактикалық қызметтер тізбесі бар АГ енгізілді.

2013 жылдан бастап бастапқы буынның медициналық ұйымдарында ауруларды басқарудың жаңа бағдарламалары (АББ) енгізілуде, олар интеграцияланған күтімді қамтамасыз ету арқылы аурудың әсерлерін болдырмау немесе азайту арқылы созылмалы жай-күйі бар (АГ, 2 типті қант диабеті, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі) адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша тұжырымдаманы білдіреді.

2019 жылы АББ-ға 247 мың пациент тартылған, бұл динамикалық бақылауда тұрған пациенттердің жалпы санының 18,1% - ын құрайды.  2018 жылдың қорытындысы бойынша АББ-ға қатысушыларында әсерлі нәтижелерге қол жеткізілді:

–70% емделушіде артериялық қысым тұрақтанды;

– созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар адамдарды емдеуге жатқызу саны 2,5 есеге азайды;

– 2 типті қант диабеті бар 34% емделушілерде аурудың оң серпіні мен гликолизирленген гемоглобин деңгейінің тұрақтануына қол жеткізілді.

АББ-ға тартылған барлық пациенттердің 70% - ында артериялық гипертензия бар.

ДДҰ мәліметтері бойынша гипертония аурушаңдықтың, уақытша және тұрақты еңбек ету қабілетін жоғалтудың, өмір сүру сапасының нашарлауының, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімнің ең кең тараған факторы болып табылады.

Гипертония – темекі шегуге, қоршаған ортаның ластануына, зат алмасудың бұзылуына және басқа да белгілі факторларға қарағанда басымдылығы жоғары қауіптілік факторы.

 

 

Қауіп-қатерді азайту үшін әркім не істей алады?

Физикалық жүктеме артериялық гипертензиясы жұмсақ және орташа адамдар үшін ағзаның жұмысқа қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Жүктемені біртіндеп арттыра отырып, дене жаттығуларына күніне 30 минут бөлу ұсынылады.

Тұзды тұтынуды тәулігіне 5 грамға дейін төмендету. Көптеген өнімдер (ірімшіктер, ысталған өнімдер, тұздалған тағамдар, шұжық өнімдері, консервілер, майонез және т.б.) құрамында тұздың мөлшері көп екенін ескеру керек. Дайын тағамдарға қосымша тұз салмаңыздар.

Сондай-ақ, малдың майын тұтынуды шектеу керек. Тағам рационынан сары май, ірімшік, шұжық, қаймақ, май және қуырылған котлеттерді ығыстырып, оларды көкөністер мен жемістердің, өсімдік майы мен майсыз балықтың қосымша көлемімен, майсыздандырылған сүт өнімдерімен ауыстырған жөн. Бұл қандағы холестерин мөлшерін бақылауға, салмақты қалыпқа келтіруге және артериялық гипертония кезінде рационды өте пайдалы калиймен байытуға мүмкіндік береді.  

Зиянды әдеттерден бас тартыңыз!

Дәрігер тағайындаған дәрілік препараттарды қабылдаңыз! Артериялық қысымның қалыпты болуына байланысты дәрі қабылдауды жіберіп алмаңыз. Байқағандарыңызды дәрігермен талқылаған дұрыс.

Психологиялық жеңілдету - АҚ жоғарылауының негізгі себебі – стрессті жоюға мүмкіндік береді.

Әр адамды қан қысымын үнемі бақылап жүруге және салауатты өмір салтын ұстануға шақырамыз!