2019 жылғы 14 наурызда ДСДРО базасында «Қазақстандағы эндоскопия қазіргі кезеңде» тақырыбында 1 дөңгелек үстел өтті
Қазіргі уақытта Қазақстанда эндоскопия процедуралары кезінде жоғары технологиялық жабдықтар пайдаланылады, жүргізілген зерттеуді мұрағаттай отырып, бейнежазба режимінде жұмыс жасау енгізілуде. Резидентурада оқыту шеңберінде бейінді мамандық дәрігерлерінің және эндоскопист дәрігерлердің біліктілігін арттыру жүйелі түрде жүргізіледі.
Саланы одан әрі дамыту үшін эндоскопиялық қызметтерге тариф белгілеудің, кәсіби стандарттарды әзірлеудің, эндоскопия қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық базаны жаңартудың бірқатар мәселелерін шешу қажет.
Дөңгелек үстел аясында амбулаториялық және стационарлық буын құрамындағы эндоскопиялық кабинеттердің/бөлімшелердің жұмысын ұйымдастыру, пациенттердің эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, хирургтармен, морфологтармен, гастроэнтерологтармен және аралас мамандықтар мамандарымен өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Талқылау қорытындысы бойынша Қазақстанда эндоскопиялық қызметті дамытудың 2020-2024 жылдарға арналған стратегиясын әзірлеу туралы шешім қабылданды, оның шеңберінде амбулаториялық-емханалық және стационарлық деңгей құрамында эндоскопиялық кабинеттер мен бөлімшелерді ұйымдастыру қағидаттарын пысықтау, сондай-ақ эндоскопия дағдыларына арнайы бейіндегі мамандарды кәсіби даярлау қағидаттарын қайта қарау қажет.
Сондай-ақ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетімен ынтымақтастықта эндоскопиялық зерттеулерді орындау кезінде эпидемиологиялық қауіпсіздік қағидаттарын пысықтау қажет деп шешілді.
Дөңгелек үстел жұмысына ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өкілдері, өңірлік денсаулық сақтау басқармаларының эндоскопия, хирургия, гастроэнтерология, эпидемиология және инфекциялық бақылау жөніндегі штаттан тыс бас мамандары, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының патологоморфологиялық зертханасының меңгерушісі қатысты.