12 наурызда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығымен бірлесіп Денсаулық сақтаудағы адами капиталды дамыту тұжырымдамасының жобасын талқылау бойынша, сондай-ақ қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде кеңес өткізді.
Талқылауға денсаулық сақтау саласындағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, өңірлік Денсаулық сақтау басқармаларының және елдің медициналық ұйымдарының кадрлық қызметтері қатысты.
Кеңес шеңберінде Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы адами капиталды дамытудың 2019-2024 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы, қолданыстағы мамандықтар номенклатурасына өзгерістер, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы реттелетін кәсіптер тізбесі қаралды.
Сонымен қатар, қатысушылар жеңілдіктер мен мамандықтар тізбесін, зиянды және аса қауіпті еңбек жағдайлары мен зейнеткерлікке жеңілдікпен шығуға арналған санаттарды және әлеуметтік қолдаудың өзге де шараларын қайта қарау мәселелерін талқылады.
Кеңес қорытындысы бойынша нормативтік-құқықтық актілерді қайта қарау және қабылдау кезінде қаралатын және ескерілетін ұсыныстар жиналды.
Тыңдалған мәліметтер бойынша ұсыныстарды осы жылдың 18 наурызға дейін медициналық ЖОО-ның Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің оқу әдістемелік бірлестігінің umo.rums.med@gmail.com, s.sydykova@mz.gov.kz, және ДСДРО денсаулық сақтаудың кадрлық ресурстары Обсерваториясының obskrz@mail.ru электрондық мекенжайларына жіберулеріңізді сұраймыз.