13 желтоқсанда Астана қаласында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Мемлекет Басшысының Жолдауын іске асыру шаралары және денсаулық сақтау жүйесінің өзекті мәселелері бойынша республикалық кеңес өтті.
Кеңеске орталық мемлекеттік органдардың, облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдіктерінің, медициналық ұйымдардың, үкіметтік емес және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Кеңесте "медициналық ұйымдардағы ақылы қызметтерді талдау және оларды реттеу шаралары" тақырыбында ДСДРО Денсаулық сақтау экономикасы орталығының басшысы Зарина Темекова баяндама жасады.
Өз сөзінде ол ақылы медициналық қызмет көрсету нарығына шолу жасай отыра, мемлекеттік және жеке меншік секторлардағы қызметтердің бағаларына салыстырмалы талдау жасап, осы бағаларды қалыптастыру, сондай-ақ ақылы қызмет көрсетуді ағымдағы реттеу туралы айтып берді.
Бүгінгі күні медициналық қызметке ақы төлеу бойынша қаржылық ауыртпалықтың 38% - ы тікелей қолма-қол төлем түрінде халықтың қалтасынан төленеді. Бұл ретте, ДДҰ-ның бағалауы мен ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесіне сәйкес халықты қаржылық қорғанбау тәуекелін болдырмау үшін жеке шығыстардың деңгейі 20% - дан аспау керек.
Халықтың жеке шығыстарының өсуіне алып келетін негізгі факторлардың ішінде мемлекеттік медициналық қызметтерге қол жетімділіктің төмендігі, ақылы медициналық қызметтерді артық тұтыну, бейресми төлемдердің жоғары деңгейі және мемлекеттік ұйымдардағы баға белгілеуді жеткіліксіз реттеу болып табылды. Жеке шығындарды төмендету бойынша шараларды қамтитын баяндамамен толығырақ сілтеме арқылы танысуға болады.