«Біртұтас денсаулық» тәсілі арқылы антибиотиктердің тиімділігін сақтауға болады

Дүниежүзілік антибиотиктерді дұрыс пайдалану күні қарсаңында дөңгелек үстел өткізілді, онда Қазақстандағы микробқа қарсы препараттарға төзімділікті тежеу үшін қажетті шаралар, ветеринарлық қызметте антибиотиктерді пайдалану талқыланды.

 

Дөңгелек үстелді Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы, Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының филиалы бірлесе отырып ұйымдастырды.

 

ДСДРО Бас директоры Айнұр Айыпханова «Қазақстан Республикасындағы микробқа қарсы препараттарға тұрақтылықтың дамуын тежеу» атты өз баяндамасында микробқа қарсы препараттарға тұрақтылықты қадағалау ұлттық жүйесінің жобасын және микробқа қарсы тұрақтылықты тежеу бойынша нақты шаралар белгіленген жол картасын ұсынды.

 

Сондай-ақ, Айнұр Айыпханова микробқа қарсы тұрақтылықпен күресте біріншілікті медициналық-санитарлық көмектің рөлін, ең алдымен, халықтың хабардарлығын арттыру , БМСК қызметтеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету, мемлекет тарапынан мониторинг және қадағалау жүргізу есебінен екендігін атап өтті. Спикер ауыл шаруашылығы саласындағы және ветеринариядағы микробқа қарсы тұрақтылықтың дамуы мен таралуы мәселелерін шешу үшін ведомствоаралық өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.

 

ДДҰ Астанада 2018 жылғы 25-26 қазандағы ДДҰ Жаһандық конференциясында талқыланған тақырыптарды есепке ала отырып әзірленген, микробқа қарсы тұрақтылықпен күресте БМСК рөлі туралы техникалық есепті жариялады.

«Біртұтас денсаулық» мультисекторлық тәсілін пайдалану осы проблеманы шешу үшін денсаулық сақтау, ветеринария, қоршаған ортаны қорғау салаларында күш біріктіруге мүмкіндік береді.