Аймақтық Денсаулық сақтау басқармалары жанынан бизнес-кеңестер құрылатын болады

17 қыркүйекте ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Денсаулық сақтау саласын дамытудың кейбір мәселелері туралы» бұйрыққа қол қойды.

 

Бұл бұйрық  мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында корпоративтік басқаруды енгізудің негізгі аспектілерін қозғайды.

 

Бұйрыққа сәйкес облыстардың және Астана, Алматы қалаларының Денсаулық сақтау басқармалары жанынан бизнес-кеңестер құру көзделеді. Осы консультативтік-кеңесші органдар қайта реттеу, мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамыту, ОСМС және ТМККК шеңберінде медициналық қызмет көрсету, аймақтарда дәрілік қамтамасыз ету  мәселелерін оңтайлы шешуді қамтамасыз ететін болады.  

 

Бұйрыққа сәйкес бизнес-кеңестің қызметін реттейтін құжатты бекіту көзделеді. Аймақтарда бизнес-кеңестер құру мерзімі ү. ж. 1 қарашаға белгіленген.

 

Сонымен қатар, бұйрықта мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында құрылған байқау кеңестерінің құрамына байқау кеңесі мүшелерінің жалпы санының кемінде 30%-ын құрайтын үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес-қоғамдастық және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін енгізу мерзімдері  белгіленген.

 

Атап көрсетілгендей, байқау кеңестерінің құрамына тәуелсіз мүшелерді қосу тиімді жұмыс істейтін басқару жүйесінің  маңызды элементтерінің бірі болады және мемлекеттік медициналық ұйымның қызмет мәселелері бойынша әділ алқалық шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

 

Министрдің бұйрығы Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 ж. 20 мамырдағы «Ұлт Жоспары – 100 нақты қадам» атты бағдарламасының 81-қадамына, Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес қабылданды.