Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі (бұдан әрі – ҚР ДСМ) Медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы жөніндегі біріккен комиссияға (бұдан әрі – Комиссия) мүшелікке үміткерлерге іріктеу жүргізеді.
Комиссиясы ҚР ДСМ жанында тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-кеңесші орган болып табылады және клиникалық хаттамаларды жетілдіру, медициналық технологияларды, медициналық білім беруді, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді, денсаулық сақтау саласындағы қызметтердің сапасын және қолжетімділігін бақылау жүйесін бағалау жөнінде ұсынымдар әзірлеу үшін құрылған.
Комиссия ҚР ДСМ өкілдерінен, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан және үкіметтік емес ұйымдардан (бұдан әрі – ҮЕҰ) тұрады. Әр ҮЕҰ-дан Комиссияның құрамына тек бір ғана өкіл кіреді.
Іріктеуге қатысу үшін үміткерлер жұмыс тобына мынадай құжаттарды ұсынулары қажет:
- еркін нысандағы өтініш;
- фотосуреті бар түйіндеме, өмірбаяндық мәліметтері, байланыс деректері (телефон, электрондық мекен-жайы) көрсетілген кәсіби және (немесе) қоғамдық қызметі туралы мәліметтер;
- жеке куәлігінің мен жоғары білімі туралы дипломның көшірмелері (медициналық немесе экономикалық, немесе заңгерлік);
- сотталмағанын, соның ішінде сыбайлас жемқорлық қылмыс және (немесе) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін сотталмағандығын растайтын құжат;
- ҚР ДСМ міндетін атқарушының 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен бекітілген (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6697 болып тіркелген) № 035-2/е нысаны бойынша диспансерлік есепте тұрғандығы/тұрмайтындығы туралы психоневрологиялық және наркологиялық ұйымның анықтамалары;
- ҮЕҰ үміткерлері ҮЕҰ мүшелігін растайтын құжатты ұсынады.
Комиссияға мүшелікке үміткерлердің құжаттары 2018 жылғы 21 қыркүйекке дейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қ., Мәңгілік ел даңғ., 8, Министрліктер үйі, 5-кіреберіс мекенжайы бойынша, немесе n.ulukbek@mz.gov.kz электрондық мекен-жайына қабылданады.