ҚР ДСМ Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы әзірлеген Созылмалы инфекциялық емес ауруларды басқару бағдарламасы (АББ) бүкіл Қазақстан бойынша шамамен 7 мың хроник-пациентті қамтыды.
Бағдарламаның шеңберінде бақылауға үш топтың пациенттері алынған: артериалды гипертензия, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі және II типті қант диабеті. Барлық өңірлерде медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымдары осы аурулар бойынша пациенттерге зертханалық тестілеу және аспаптық зерттеу жүргізеді.
Қант диабетімен ауыратын науқастарға арналған стандартты тексеріп-қараулардан басқа гликирленген гемоглобинге және тығыздығы төмен липопротеидтерге зерттеулер жүргізіледі. Созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар науқастар ЭХО-кардиографиямен зерттеледі, ал артериялық гипертензиясы бар емделушілерге ЭКГ жүргізіледі, креатинин, тығыздығы төмен липопротеидтер деңгейі анықталады.
АББ паспорты әрбір ауру бойынша пациенттердің тіркелімінен, пациентті бақылау картасынан, созылмалы жүрек жеткіліксіздігінен, артериялық гипертензиядан немесе қант диабетінен зардап шегуші науқастарды медициналық күтудің жеке жоспарынан тұрады.
2018 жылғы 1 сәуірдегі мәліметтерге сәйкес, статиндер (аторвостатин) қабылдайтын науқастар саны 40% - дан 50% - ға, ал АПФ ингибиторларын/сартандарды (кандесартан, валсартан және т. б.) қабылдаушылар саны 70% - дан 90% - ға дейін өскен. АББ-ға тартылған бар емделушілердің арасында созылмалы жүрек жеткіліксіздігін декомпенсациялауға байланысты жаңа емдеуге жатқызу жағдайларының үлесі 30-дан 15% - ға дейін төмендеген.
Оң нәтижелерге сүйене отырып, медициналық ұйымдарды 100% қамтитын бағдарламаны аймақтарда кезең-кезеңімен енгізу кестесі жасалды. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша мед. ұйымдардың 50% -ы осы бағдарламаның қатысушы болады деп жоспарланады.