8 желтоқсанда Астанада Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының базасында Денсаулық сақтау министрлігінің мемлекеттік функцияларын бәсекелес ортаға және өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беру мәселелері жөнінде жиын болып өтті. Жиынға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, ДСДРО, Ұлттық денсаулық сақтау палатасының, кәсіби медициналық ұйымдар мен заңды тұлғалар бірлестіктерінің өкілдері қатысты.
Жиынға қатысушылар Денсаулық сақтау министрлігінің осы бағыттағы жұмысы туралы, сондай-ақ мемлекеттік реттеумен қатар қоғамдық басқаруды қарастыратын, денсаулық сақтау саласын басқарудың жаңа үлгісін енгізу үдерісі туралы ақпараттандырылды. Сапа жөніндегі біріккен комиссияны оған бірқатар мемлекеттік функцияларды бере отырып өз алдына бөлек заңды тұлғаға ауыстыру болжанып отыр.
Қатысушылар Денсаулық сақтау министрлігінің келесі мемлекеттік функцияларды алып тастау туралы ұсыныстарын қолдады:
- денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдар мен білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды ұйымдастыру және өткізу; медициналық және фармацевтикалық қызметтерге қойылатын біліктілік талаптарын, операциялық рәсімдердің стандарттарын, алдын алудың, диагностикалаудың, емдеудің, сондай-ақ медициналық және әлеуметтік қайта қалпына келтіру әдістерін, медициналық колледждердің клиникаға дейінгі симуляциялық кабинеттерін жарақтандыру нормативтерін әзірлеу.
Сонымен бірге, денсаулық сақтау субъектілерін аккредиттеуді ұйымдастыру және өткізу, аккредиттелген денсаулық сақтау субъектілерінің қызметтеріне мониторинг жүргізу, денсаулық сақтау саласындағы аккредиттелген субъектілердің деректер қорын қалыптастыру, аккредиттеу стандарттарын, денсаулық сақтау саласындағы білім беру стандарттарын әзірлеу секілді мемлекеттік функцияларды өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беру болжануда.
Бұдан бөлек, талқылау нәтижелері бойынша ДСДРО-ның Денсаулық сақтау министрлігінің Заң қызметі департаментімен бірлесіп, Ұлттық экономика министрлігінің, Әділет министрлігінің және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қатысуымен, кәсіби медициналық қауымдастықтар мен жекеменшік медицина ұйымдарының өкілдері үшін өзін-өзі реттейтін ұйымдар қызметтерінің қағидаттарын түсіндіру жөнінде жиын (шеберлік сабағы) ұйымдастырып, өткізуі қажеттігі туралы шешім қабылданды.