Медициналық қызметтер сапасы жөніндегі біріккен комиссияға үміткерлерді іріктеу басталды

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық қызметтер сапасы  жөніндегі біріккен комиссия мүшелеріне үміткерлерді іріктеуде.  

Комиссия ҚР ДСМ жанындағы тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-кеңесші орган болып табылады және  клиникалық хаттамаларды жетілдіру, медициналық технологияларды бағалау, медициналық білім, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, сапаны бақылау жүйесі мен денсаулық сақтау саласындағы қызметтердің  қолжетімділігі жөнінде ұсынымдар жасау үшін құрылады. 

Комиссия ҚР ДСМ, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, және үкіметтік емес ұйымдардың (бұдан әрі - ҮЕҰ) өкілдерінен құралған. Комиссия құрамына әр ҮЕҰ-нан бір ғана өкіл кіре алады.

Үміткерлерді іріктеуге қатысу үшін жұмыс тобына мынадай құжаттарды ұсыну қажет:

  • еркін түрде жазылған өтініш;
  • түйіндеме (суретімен), өмірбаян деректері, байланыс деректері (телефон, электронды мекен-жай) көрсетілген кәсіби және/немесе қоғамдық қызметі туралы мәліметтер;
  • жеке куәлігі мен жоғары (медициналық немесе экономикалық немесе заңгерлік) білімі туралы дипломының көшірмесі;
  • сотталмағандығын, оның ішінде жемқорлық қылмыс және/немесе жемқорлық құқық бұзушылық бойынша сотталмағандығын растайтын құжат;
  • ҚР ДСМ міндетін атқарушының 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6697 боп тіркелген) бекітілген № 035-2/у нысаны бойынша психоневрологиялық және наркологиялық ұйымдарда  диспансерлік есепте тұрғандығы/тұрмағандығы туралы анықтама;
  • ҮЕҰ-дан қатысатын үміткерлер ҮЕҰ-ға мүше екендігін растайтын құжат ұсынады.

Комиссия мүшелігіне үміткерлерден құжаттар 2017 жылғы 12 желтоқсанға дейін Денсаулық сақтау министрлігінің мекен-жайы бойынша қабылданады: Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, Мәңгілік ел даңғылы 8-үй, Министрліктер үйі, 5-кіреберіс; немесе  n.ulukbek@mz.gov.kz электронды поштасына жіберуге болады.