30 қарашада Астанада ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ерболат Досаевтың, ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың қатысуымен «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласына инвестициялар» форумы өтті.
Форум серіктестері – Азия даму банкі, Дүниежүзілік банк, Еуропа қайта құру және даму банкі және Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы.
Аталған шара инфрақұрылымдарды дамыту, мемлекет пен жекеменшік медицинаның ынтымақтастық үлгілерін іздестіру, денсаулық сақтау саласына инвестиция тарту және мемлекет-жекеменшік серіктестік жобаларын жүзеге асыру мәселелеріне арналған.
Форум жұмысына халықаралық қаржы ұйымдарының өкілдері, әлеуетті инвесторлар, медициналық бизнес өкілдері, денсаулық сақтау және МЖС инвестициясы саласындағы халықаралық және қазақстандық сарапшылар, тиісті министрліктер мен облыстардың және Астана, Алматы қалалары әкімдіктерінің өкілдері атсалысты.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 7 914 денсаулық сақтау объектілері халыққа медициналық қызметтер көрсетеді, олардың 6 764 объектісі мемлекеттік, 1 150-і – жекеменшік.
Сонымен бірге, ғимараттар мен медициналық техникалардың тозығы жетуіне, амбулаторлық-емханалық ұйымдардың жобалық қуаттылығының жетімсіздігіне байланысты, денсаулық сақтау саласын жоғары деңгейде қамтамасыз ету үшін инвестициялар қажеттілігінің жиынтығы бүгінгі күні 1 трлн.теңге шамасына бағаланып отыр.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі инфрақұрылымдарды дамыту үшін 2018-2019 жылдары желілерді қайта құрылымдау және жоспарлау жұмыстарын жүргізіп, инвестициялық жоспар әзірлеп, салаға жекеменшік инвестициялар тарту жолдарын қарастырмақ.
Нәтижесінде медициналық ұйымдар желісін мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде дамытудың толыққанды бағдарламасы жүзеге асырылады. Сонымен бірге, бюджеттік инвестициялар жекеменшік қаржыландыру орынсыз саналатын жобаларға жұмсалатын (бағытталатын) болады.
«Денсаулық сақтау саласындағы жобаларға МЖС тетіктерін қолдануға қатысты аймақтардың белсенділігін атап өткен жөн. Денсаулық сақтау ұйымдарын салуға, жаңғыртуға және жарақтандыруға МЖС 32 келісімшарт жасаған. 78 жоба (оның ішінде 3 республикалық және 75 жергілікті жерлерде) бойынша құжаттамалар дайындалуда. Жобалар стационарлар, дәрігерлік амбулаториялар, емханалар, медициналық техникалар салып, пайдалануға беруді қарастырады», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Министрлік жекеменшік инвестициялар тарту аясында Facility management сызбасы бойынша университеттік ауруханалар құру жөніндегі үш республикалық жобаның конкурсына дайындық жүргізуде, яғни жекеменшік серіктес құрылысын салады, жабдықтайды, мемлекет меншігіне тапсырады және медициналық емес қызметтер көрсетеді. Мемлекет өз кезегінде, келісімшарт жасалған уақыт аралығындағы қолжетімділік үшін ақы төлейді. Алматы қаласында 2 жобаны жүзеге асыру – 300 төсектік университет ауруханасы және 1200 төсектік біріккен клиника, сондай-ақ Қарағандыда 300 төсектік университет ауруханасын салу жоспарлануда.
Елжан Біртанов өз баяндамасында МЖС дамыту, әкімшілік кедергілерді азайту, тарифтік саясатты және басқа да шараларды жетілдіру арқылы, денсаулық сақтау саласында жекеменшік сектордың үлесін арттыру саясатының бір бөлігі екендігін атап өтті. «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасына сай, тегін медициналық көмек көрсету көлемі аясында медициналық қызметтерді жеткізушілер арасындағы жекеменшіктің үлесі 2017 жылға 30,5%-ды құрайды, 2017 жылдың қыркүйек айындағы жағдай бойынша нақты фактілер 39,3%-ды көрсетіп отыр, яғни оң динамика байқалады.
Сондай-ақ, Форум аясында сарапшылар қауымы мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамытудың және денсаулық сақтау саласына жекеменшік инвестициялар тартудың өзекті мәселелерін 4 жинақтамалы сессия аясында талқылады:
- «Медициналық қызметтердің сапасын және қолжетімділігін арттырудағы жекеменшік сектордың рөлі», модератор – Жаннат Ертілесова, Қазақстан салық төлеушілер қауымдастығының басқару кеңесінің төрайымы;
- «Жобалардың қандай түрлері еліміздің мақсаттары мен стратегиясына сай келеді?», модератор - Сюзанна Айрапетян, Дүниежүзілік банк өкілі;
- «Денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымдары және медициналық көмек көрсету: жоспарлау, әзірлеу және қаржыландыру», модератор – Шуле Килич, ЕҚҚДБ елдік директорының орынбасары (Түркия);
- «Денсаулық сақтау саласын цифрландыру және телемедицина», модератор - Олжас Әбішев, Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының бас директоры.