Кадр тұрақтаса, тапшылық та азаяды

 

– Пандемияға байланыс­ты эпидемиолог, инфекционист, реаниматолог, пульмонолог, кардиолог сияқты сирек таңдалатын дәрігер мамандарын даярлау мәселесі қазір өткір қойылып отыр. Осы мәселе қалай шешілуде?
– Бұл мамандарды даярлау отандық медициналық жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдарда резидентура бағдарламалары шеңберінде жүзеге асырылады. Инфекционист және пульмонолог дәрігерлер үшін оқу мерзімі 2 жылды құрайды. Анестезиолог және реаниматологтарды, сондай-ақ кардиологтарды дайындау 3 жылға созылады. Эпидемиологтар 4 жылдық бакалавриат бағдарламалары арқылы дайындалады. Сонымен қатар, «медициналық-профилактикалық іс» мамандығы бойынша 1-1,5 жылдық мерзімде бейіндік магистратурада эпидемио­лог дәрігерлерді даярлау бағдарламалары қарастырылған. Аталған мамандарға қажеттілікті ескере отырып, осы жылы магистратурада кадрлар даярлауға бөлінген барлық бюджеттік орындардың 46%-ы «Медициналық-профилактикалық іс» мамандығына бөлініп, оған 150 орын берілді. Анестезиолог-реаниматолог және инфекционист дәрігерлерді даярлауға биыл резидентура бағдарламаларына бөлінген барлық орындардың сәйкесінше 16%-ы (240) және 13%-ы (200) тиесілі. Осы жылы Денсаулық сақтау министрі түлектерді бөлу жөніндегі комиссиясының 2020 жылғы шешіміне сәйкес жұмысқа «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша бакалавриаттың 110 түлегі, «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша магистратураның 75 түлегі, «Жұқпалы аурулар, соның ішінде балалар аурулары» мамандығы бойынша резидентураның 26 түлегі, «Анестезиология және реаниматология, соның ішінде балалар анестезиологиясы» мамандығы бойынша резидентураның 88 түлегі, «Пульмонология, соның ішінде балалар пульмонологиясы» мамандығы бойынша резидентураның 8 түлегі, «Кардио­логия, соның ішінде балалар кардиологиясы» мамандығы бойынша резидентураның 101 түлегі жіберіледі.
Сонымен қатар, биыл пандемияны ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігі де, жергілікті атқарушы органдар да аса қауіпті инфекциялардың, оның ішінде коронавирус профилактикасы, диагностикасы және емдеу бойынша медицина кадрларын оқытуға ерекше назар аударды. Осы мақсатта «Мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары кадрларының біліктілігін арттыру және қайта даярлау» республикалық бюджеттік бағдарламасы шеңберінде «Эпидемиология», «Инфекциялық аурулар», «Инфекциялық ауруларды диагностикалау және емдеу, оның ішінде «COVID-19», «Пандемия жағдайындағы Менеджмент» және т.б. тақырыптар бойынша 9413 тыңдаушының біліктілігін арттыру және қайта даярлау жұмыстары жүргізілуде. 1 қазандағы жағдаймен 7941 адам, соның ішінде 5884 дәрігер, 2057 орта медициналық қызметкер оқытылды. Солардың қатарында Ресей мамандарының қатысуымен «COVID 19-барлық кезеңдерде медициналық көмек көрсету, яғни БМСК, стационар, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесі» шеберлік сабағында еліміздің бес өңірінің: Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары, Алматы, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының 300 медицина қызметкері оқытылды.
– Неге болашақ дәрігерлер бұл мамандықтарды аз таңдайды? Жалақы төмендігінен бе, жұмысының қиындығынан ба?
– Иә, шынында да, эпидемиология, инфекциялық аурулар, анестезиология және реаниматология сияқты мамандықтар бойынша кадрлардың тапшылығы бар екені рас. Ең алдымен, бұл халық арасында коронавирустық инфекция мен пневмониямен ауырудың жоғары көрсеткіштеріне байланысты медициналық қызметкерлерге айтарлықтай жүктеме түсірумен байланыс­ты болды. Сонымен қатар, аталған медициналық мамандардың пациенттерге медициналық көмек көрсету кезінде абайсызда қателік жіберіп алу қаупі тұрғысынан да, қызметкердің өзі үшін, яғни денсаулығына қауіп төнетіндіктен де әрдайым өте ауыр, әрі қауіпті мамандықтар қатарына жатады. Осыған байланысты қалыптасқан жағдайдың, ең алдымен, жалақыдан бастап маман орындайтын жұмыс көлеміне толық сәйкес келмейтін себептері де бар екенін айта кетейік. Сондай-ақ пандемия кезіндегі еңбек және демалыс жағдайлары, материалдық және материалдық емес мотивациялық компоненттердің жеткіліксіздігі, олардың және жақындарының, туыстарының қауіпсіздігі мен өмірі үшін қорқуы, тағы да басқа себептер бар.
– Салаға мамандар тартуда тағы қандай кешенді жобалар жүзеге асырылуда?
– Мемлекет жастарды қолдайтын түрлі шаралар қабылдап, жобаларды жүзеге асыруда. Осындай әлеуметтік бастамалардың бірі «Дипломмен – ауылға» жобасы жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешуге, ауылдарды дамытуға да бағытталған. Бұл бағдарлама аясында ауылдық жерлерде жұмыс істейтін жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсетіледі, тұрғын үйге жеңілдетілген несие де қарастырылады. Бағдарлама мамандардың жетіспеушілігі мәселесін шешуге көмектесіп келеді. Мемлекет басшысы дәрігердің орташа жалақысының экономикадағы орташа жалақыға арақатынасын 2023 жылға қарай 2,5 есе жеткізу міндетін қойды. Өмір сүру үшін жақсы жағдай жасау, әлеуметтік қолдау шаралары мен кепілдіктер жүйесі есебінен дәрігердің, жалпы медицина қызметкерінің мәртебесін көтеру қажет. Биыл дәрігерлердің орташа жалақысы елдегі қызметкерлердің орташа айлық номиналды жалақысынан 15%-ға жоғары болып, 249 445 теңгені құрады. Дәрігердің орташа жалақысы 2023 жылға қарай биылғы жалақыға қарағанда 80%-ға артады, яғни 449 000 теңгені құрамақ. Ал 2025 жылға қарай дәрігердің жалақысы 550 000 теңгеге дейін өседі. 2018 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі кезеңде орта медициналық қызметкерлер жалақысын арттырудың оң динамикасы байқалды. Мәселен, олардың жалақысы 2018 жылы 90 843 теңгені құраса, қазіргі уақытта 161 281 теңгеге дейін, яғни 56% – ға өсті.
– Мемлекет басшысы атап өткендей, қазіргі таңда елдегі медицинада кадр жетіспеушілігі мәселесі қандай деңгейде?
– Ресми деректер бо­йынша, денсаулық сақтау жүйесінде медицина қызметкерлерінің саны 253 883 адамды құрайды, оның ішінде 74 046-сы – дәрігерлер, 179 837-сі – орта медициналық персонал. Жалпы санынан ведомстволарда – 6 075 адам, оның ішінде – 2 152 дәрігер және жеке ұйымдарда 40 439 адам, оның ішінде 16 796 дәрігер жұмыс істейді. Өткен жылмен салыстыр­ғанда дәрігер кадрлардың 1,5%-ға және орта медициналық қызметкерлер санының 2,6%-ға өскені байқалады. Қазіргі уақытта ел медицинасында 4 122 дәрігер тапшы. Ең үлкен кадр тапшылығы мына мамандықтар бойынша бар: 393 анестезиолог-реаниматолог, 346,75 терапевт, 319,5 Жалпы практикадағы дәрігер, 226 дәрігер-зертханашы, 213 психиатр, 203,5 акушер-гинеколог, 202,75 педиатр, 121,5 инфекционист, 102,5 эпидемиолог, 85,25 неонатолог маман жетіспейді. Республика көлемінде орта медицина қызметкерлеріне деген тапшылық 8 583 адамды құрайды.
– Қазақстанда медицина мамандарын дайындайтын көптеген оқу орындары бар, соларды жылына бітіріп шығатын түлектер кадр тапшылығы мәселесін жоя алмай тұр ма?
– Қазіргі уақытта елімізде медициналық кадрлар 15 ЖОО-да, оның ішінде 9 медициналық ЖОО-да және 6 көпбейінді университетте, 37 жоғары медициналық колледжде, сонымен қатар 50 медициналық колледжде даярланады. Жыл сайын медициналық ЖОО интернатура бағдарламаларында 9000-нан астам болашақ дәрігер және резидентура бағдарламаларында 5000-нан астам жас маман білім алады. Сонымен қатар, биыл интернатура бағдарламалары бойынша 4500 адам, ал резидентура бағдарламаларымен 1621 адам дайындап шығарылды. Медициналық колледждерде 69000-нан астам болашақ орта медициналық қызметкерлер оқуда. Осы жылы медициналық колледждерді 20 526 адам тәмамдады. Бұл мамандар, әрине, кадр тапшылығы мәселесін біршама жеңілдетеді. Бірақ жоғарыда атап өткендей, кадр тұрақтылығы болмайынша, ол мәселе қайта өзекті бола бастайды.
– Деректерге сүйенсек, 2019 жылға қарағанда биыл кадрлардың тұрақтамауы шамалы азайыпты. Сондай-ақ сала қызметкерлері біршама көбейген. Бұл пандемияға байланысты ма, әлде басқа да себептері бар ма?
– Медициналық персоналдың өсуі негізінен жас мамандарды, білім және ғылым ұйымдары түлектерін, «Білім туралы» Заңында көзделген бітірушілерді міндетті түрде еңбекпен өтеу тетіктері арқылы екені байқалып отыр. 1 қазандағы жағдай бойынша 2100 жас маман жұмысқа орналастырылды, оның 754-і ауылдарға жіберілді. Бүгінде жалпы медицина мамандарына ерекше көңіл аударылуда. Соңғы жылдарда жалақының өсуі, өтемақылардың төленуі, олардың біліктілігін арттыру, қайта даярлау курстары – т.б. соның дәлелі. 2018 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі кезеңде орта медицина қызметкерінің жалақысы артты. Дәрігерлер мен орта медициналық қыз­меткерлер үшін еңбекақының орташа өсімі шамамен 56-60%-ға жетті. Мемлекет кадр тұрақтылығын арттыру жағдайларын қарастыруда. Бұл тұрғыда басқа да бірқатар істер атқарылып жатыр.
– Өзіңіз айтқандай, кадрлар тұрақтандырылмайынша, мамандар тапшылығы жойылмайды. Бұл ретте не істеу керек?
– Мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында жас мамандардың еңбек етуін нормативтік бекіту және оларды әлеуметтік қолдау жөнінен мемлекет қабылдаған шаралар медициналық кадрлардың тұрақтамауын төмендетуге мүмкіндік береді. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің маңызды кепілдіктері «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа Кодексте көрсетілген. Атап айтқанда, ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен қажетті медициналық бұйымдармен қамтамасыз етуге қоса, қызметкердің еңбек міндеттерін орындауы үшін тиісті жағдайлар жасау, жұмыс берушінің немесе осы мақсаттарға ҚР заңнамасында көзделген бюджет қаражатының есебінен біліктілікті арттыру немесе кәсіптік біліктілікті өзгерту, біліктілік деңгейіне сәйкес келетін еңбекақы төлеу және еңбекке ынталандыру, медицина қызметкері ешқашан пациентке жауапсыз қарамаған жағдайда пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіргені үшін кәсіби жауап­кершілікті сақтандыру шаралары қарастырылады.

Дайындаған
Райхан РАХМЕТОВА

 

https://www.astana-akshamy.kz/kadr-turaqtasa-tapshylyq-ta-azayady/