Дүние жүзінде медицина қызметкерлерінің қателігінен әр оныншы емделуші зардап шегеді екен. Тіпті дәрігерлердің немқұрайлылығынан пациенттердің қайтыс болу жағдайлары ЖИТС, туберкулез секілді қауіпті жұқпалардан өлім-жітім көрсеткішімен қатар 14-ші орында тұр.
Әлбетте, мәселенің басты себебі – денсаулық сақтау ұйымдарының сапасында екені мәлім. Сондықтан сарапшылар барлық аурухана мен клиникалар халықаралық стандартқа сай аккредиттеуден өтіп, проблеманы шешуді қарапайым санитарлық талаптардан бастауды ұсынып отыр. Денсаулық сақтау министрлігінің Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы ұйымдастырған «Медициналық қызметтердің сапасы, пациенттердің қауіпсіздігі және аккредиттеу» тақырыбында өткен алқалы жиында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының арнайы өкілі, доктор Агнес Леотсакос әлемде әрбір оныншы пациентке медициналық қателік жасалатынын айта келіп, мұның басты себебі дәрігерлер немесе медбикелер қарапайым тазалық ережелерін сақтамайтынынан туындайтынын алға тартты. «Әсіресе аурухана- ішілік инфекция – күллі әлемде өзекті проблемаға айналып отыр. Мысалы, ауруханаларға көбіне шұғыл медициналық көмекті қажет ететін науқастар жеткізілетіні белгілі. Солардың бір- азына күрделі оталар жасалып, дәрігерлер ақ тер, көк тер болып, әлгі пациенттің жанын аман-есен алып қалады. Бірақ отаның сәтті өткенінен не пайда, ауруханада жаңағы пациент медбикенің салақтығынан, қарапайым тазалық ережесін сақтамағанынан инфекция жұқтырып, қайтыс болып жатады. Мұндай оқиғалар өте жиі кездеседі. Сондықтан медициналық ұйымдардың барлығы аккредиттеу талаптарынан өтіп, әлемдік стандартқа сай қызмет етуі керек», дейді америкалық сарапшы.
Жалпы, аккредиттеу мәселесі – әр денсаулық сақтау ұйымының еркіндегі шаруа. Бұл дегеніңіз әлемдік стандартқа сай қызмет көрсетіп, пациенттердің қауіпсіздігі мен барлық құқын сақтау деген сөз. Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының бас директоры Айнұр Айыпханованың айтуынша, елімізде Ұлттық аккредиттеу жүйесі 2010 жылдан бастап енгізіле бастаған. Бірақ қазақстандық медициналық ұйымдардың 30-40 пайызы ғана бұл жүйеге қатысуға ықылас білдірген. Оның пікірінше, аккредитациядан өту сапаның тиісті деңгейде екенін білдіреді. Сондықтан емделушілер де құлықсыздық танытпай, аккредитациясы бар клиникаларды таңдауға көбірек ден қою керектігін ескертеді. Қазіргі таңда Қазақстанда 7 клиника халықаралық стандартқа сай келетін америкалық JCI-сертификатын иеленіпті. Оның 6-уы – Астанада болса, біреуі – Алматыда. Олардың бәрі де – республикалық деңгейдегі ғылыми орталықтар. «Ұлттық аккредиттеу жүйесінен өтудің басты артықшылығы – медициналық қателіктерді болдырмау. Мысалы, бізде медицина тарапынан қандай да бір қателік кетсе, кінәні бір адамнан ғана іздейді. Сол дәрігерге немесе медбикеге жаза қолданылады, жұмыстан шығарылады, осымен іс бітеді. Алайда қателік түзелмейді, келесі жолы тағы қайталанады. Сондықтан қателікті бір адамнан емес, бүкіл жүйеден іздеу керек, оны түзетуге күллі ұжым болып кірісу қажет», дейді А.Айыпханова. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, медициналық қателіктерді түзетіп, пациенттердің денсаулығын, құқын қорғау үшін қыруар қаржы шашудың қажеті жоқ. Денсаулық сақтау ұйымдарының әрбір қызметкері медициналық қағидаттарды ескерсе жеткілікті. «Мысалы, бізде хирургтар қажетті заттарын түгендеп жатпай, операцияны бастап кетеді. Ота барысында қайшыны, басқа да құрылғысын ұмытқаны есіне түседі де оны алып келуге біреуді жұмсайды. Мұның өзі пациентке инфекция жұқтырудың бір жолы. Халықаралық стандарт бойынша, хирург-дәрігер отаның алдында керекті заттарының тізімін оқып, оны медбике түгендеуі керек. Барлығы дайын болғанда ғана операция басталуы қажет. Ұлттық аккредиттеу жүйесінен өткен ауруханалар қазір осындай қарапайым қағидатты қатаң сақтайды», дейді А.Айыпханова. Конференцияда Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметтердің сапасын бақылайтын кейбір функцияларын алдағы уақытта бірлескен сарапшылар комиссиясына беретіні белгілі болды. Бұл министрлікке де, басқаға да бағынбайтын тәуелсіз комиссия болмақ. Олар медициналық қызметтердің сапасын бақылап, пациенттердің құқын қорғауға күш салатын болады. Денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық кеңесінің төрағасы Надежда Петухованың айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанның денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жүйесінде өзгерістер енгізіліп, медициналық сақтандыру қоры құрылды. Енді саланы қаржыландыруға мемлекет қана емес, ел азаматтары да атсалысады. Қаржысын төлеп отырғаннан кейін халыққа соған сай жоғары қызмет көрсетілуі тиіс. «Бұрын дәрігерлерге деген емхана мен ауруханалардың сапасына деген пациенттердің сенімі жоғары еді. Қазір біз осы сенімді жоғалтып алдық. Енді соны кері қайтарып алуымыз керек. Ол үшін дәрігерлеріміз білікті, емдеу мекемелері талапқа сай болуы тиіс. Тәуелсіз бірлескен комиссияның мақсаты да сол – сапаны жақсарту», дейді Н.Петухова. Жалпы, медициналық ұйымдарды аккредиттеу, сапаны бақылау деген ұғымдар еліміздің заңдарында алғаш рет 2009 жылы, кейін 2015 жылы көрініс тапты. Енді министрліктің кейбір функцияларын бірлескен комиссияға беруге байланысты нормативтік құжаттарға тағы да өзгерістер енгізілмек. Қымбат ТОҚТАМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»
Ақпарат көзі: https://www.egemen.kz/article/161503-emdelushi-qulyqsyz-ba-dariger-biliksiz-be
Материалды көшіріп басқанда Egemen.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Авторлық құқықты сақтаңыз!