Үздік тәжірибелер талқыланды

16-17 қараша күндері Астанада «Медициналық қызмет сапасы, пациенттер қауіпсіздігі және аккредиттеу» тақырыбында халықаралық конференция өтуде.

Конференция жұмысына денсаулық сақтау саласының 500-ден аса медицина қызметкерлері мен ұйымдастырушылары, оның ішінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, медициналық және ғылыми  ұйымдардың, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы елдік офисінің ресми өкілдері, шетелдік серіктестер қатысуда.

Конференцияны ұйымдастырушы – Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы. Пленарлық отырыс барысында  Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті төрағасының орынбасары Б.Ш.Шәріп және Қоғамдық кеңес төрайымы Н.М.Петухова сөз сөйледі.

Н.М.Петухова медициналық қызметтердің ұйымдастырылуы, сапасы және пациенттердің отандық медицинаға деген сенімдерінің азаюы секілді жүйелі шешімді қажет ететін, денсаулық сақтау саласының бірқатар проблемалық мәселелерін алға тартты.

Қазіргі уақытта Қазақстанда бұл мәселелер сапаның сыртқы және ішкі аудиті, сапа стандарттары, медициналық ұйымдарды аккредиттеу жүйелері арқылы шешімін табуда.  Сапалы және дұрыс медициналық қызмет көрсетуге жұмылдырылған, емдеу хаттамаларын бекітетін Медициналық қызметтер сапасы жөніндегі біріккен комиссия жұмыс істейді.

Конференция жұмысы барысында  Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов  ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың дамуының арқасында бүкіл әлемдегі  денсаулық сақтау жүйесінің жұмысы ашық, транспарентті бола бастағандығын айта келе, «Біз халықтың денсаулық сақтау саласы қалай жолға қойылғаны, медицина қалай жұмыс жасайтыны туралы  ақпараттандырылу деңгейін көтеруіміз керек. Тек осындай жағдайда ғана тұрғындардың түсінігі, қатысуы, сенімі қалыптасады, соның аясында медициналық қызметтер сапасын арттыру жөніндегі салыстыра тексерілген жұмыстарды жүргізе аламыз. Аккредиттеу, сертификаттау, стандарттау секілді медициналық қызметтер сапасын басқару технологиялары халықты аталған жұмысқа тарту үшін ақпараттық  технологиялар енгізуді талап етеді» , – деп атап өтті министр.

Отандық денсаулық сақтау саласының соңғы кездердегі жетістігі – әлемдік талаптарға сай аккредиттеу жүйесі құрылды. Қазақстанның ұлттық аккредиттеу стандарттары халықаралық деңгейде екі мәрте сертификатталды; сондай-ақ, аккредиттеу бойынша аудиторлар дайындау жүйесі мен аккредиттеуші орган да Халықаралық сапа қоғамының сертификатын алды.

–Біз Қазақстанда медициналық ұйымдарды аккредиттеудің ұлттық жүйесі құрылды деп айта аламыз. Және де одан әрі бірте-бірте халықаралық аккредиттеу жүйесіне өтеді,   –деді Елжан Біртанов.

Конференция аясында екі күн бойы бас қосатын түрлі семинарларда қазақстандық және халықаралық сарапшылар пациенттер қауіпсіздігін қолдау, медикаменттермен жұмыс,  инфекциялық бақылау, медициналық карталар аудиті бағытындағы үздік тәжірибелерімен бөліседі.

АҚШ-тан, Малайзиядан, Польшадан, Түркиядан, Босния және Герцеговинадан келген сарапшылар, JСI (Joint commission international) және Accrediation Canada өкілдері қазақстандық мамандар үшін шеберлік сабақтарын өткізеді. Жалпы, ақысыз негізде 20-дан аса шеберлік сағаттарын өткізу жоспарланған.

 

АҚПАРАТ КӨЗІ: Айқын