Бүгін Қазақстанда Дүниежүзілік денсаулық күні аталып өтілуде

Биыл  Дүниежүзілік денсаулық күні «Барлығына денсаулық»  ұранымен өтуде.

Бүгін осы күн мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 75 жылдығы аясында республика бойынша ауқымды акциялар, спартакиадалар, мектептерде  Денсаулық ашық сабақтары, емханаларда Ашық есік күндері және басқа да іс-шаралар өтуде. Мәселен, Астана қаласында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, елорда әкімі Жеңіс Қасымбек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі және Қазақстандағы  ДДҰ елдік кеңсесінің басшысы Скендер Сыла қатысқан "СӨЗДЕН ІСКЕ/ WALK the TALK/ сөзден іске" ұранымен қысқа қашықтыққа жүгіру акциясы өтті. Акцияның мақсаты - дене белсенділігін насихаттау. Оған 1 мыңнан астам адам қатысты.

Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев ұлт денсаулығының маңыздылығы мен тиісті шараларды қабылдау қажеттігі туралы бірнеше рет мәлімдеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022 жылғы қыркүйекте Қазақстан халқына жолдауы аясында биылдан бастап еліміздің ауыл тұрғындарының қажеттіліктеріне бағытталған ұлттық жоба іске асырылатын болады. Сондай-ақ дәрігерлерді даярлау жүйесін жетілдіруге ерекше назар аударылатын болады. Осы және басқа да шаралар халықтың денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығын нығайтуға ықпал ететін болады.

Айта кетейік, Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесін дамытуға және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға белсенді қатысып, тұрақты зерттеулер мен әзірлемелер негізінде әдіснамалық қолдау көрсетіп, оны ілгерілету мен жаңғыртуға ықпал етеді.