Ақысыз дәрілік қамтамасыз ету бағдарламасы Қазақстанда 2005 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Аталмыш бағдарлама арқасында белгілі бір аурулар бойынша динамикалық бақылауда тұрған азаматтар тегін дәрі-дәрмек пен медициналық заттарды алу мүмкіндігіне ие болды.
Қазақстанда 2021 жылғы жағдай бойынша 4 030 380 адам тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) аясында диспансерлік есепке немесе динамикалық бақылауға алынып, тегін дәрі-дәрмек пен медициналық заттарды алу құқығын иеленді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында 386 787 ересек адам және 210 795 бала динамикалық бақылауға алынды. Сонымен қатар, созылмалы аурулары бар пациенттерге де динамикалық бақылау жүргізу ТМККК және МӘМС есебінен жүргізіледі, ал өткір жағдайдағы аурулары бар ересектер мен балаларға МӘМС есебінен көмек қарастырылған.
Қазіргі уақытта науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ 75 "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілуге, оның ішінде белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар азаматтардың жекелеген санаттарын, амбулаториялық деңгейде тегін және (немесе) жеңілдікпен берілетін дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың және мамандандырылған емдік өнімдердің тізбесін бекіту туралы" бұйрығымен реттеледі. Бұйрық мәтінімен сілтеме арқылы таныса аласыз.
Амбулаторлық дәрілік қамтамасыз ету аясында тегін дәрілік заттарды кімдер ала алады?
Жоғарыда келтірілген бұйрыққа сәйкес Қазақстан Республикасының барлық азаматтары амбулаторлық дәрілік қамтамасыз ету тізіміне сай ТМККК және МӘМС аясында көмек алуға құқылы.
ТМККК аясында тегін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды алуға келесі адамдар құқылы:
- динамикалық бақылауға алынған ересек адамдар (зейнетақы төлемдерін алатындарды есептемегенде);
- динамикалық бақылауға алынған балалар;
- кейбір әлеуметтік маңызы бар аурулармен ауыратын адамдар;
- сирек кездесетін (орфандық) аурулармен ауыратын адамдар.
Қазақстан Республикасының азаматтарымен қатар, қандастар, ҚР аумағында тұрақты түрде өмір сүретін шетелдіктер, азаматтығы жоқ тұлғалар, босқындар, АИТВ жұқтырғандар, АИТВ жұқтырғандардан туған балалар ТМККК аясында мемлекет көмегін ала алады.
МӘМС аясында келесі санаттағы азаматтар тегін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар алуға құқылы:
- динамикалық бақылауда тұрған, зейнетақы төлемдерін алатын ересектер;
- динамикалық бақылауды қажет етпейтін кейбір зейнетақы төлемдерін алатын ересектер;
- динамикалық бақылауға алынған фертильді жастағы әйелдер;
- динамикалық бақылауға алынған балалар;
- кейбір өткір жағдайларда динамикалық бақылауға алынбаған балалар.
Тегін дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды алу үшін не істеу қажет?
Амбулаторлық деңгейде тегін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды алу үшін науқас тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаға тіркеліп, динамикалық бақылауға алынуы қажет, ал оның жеке мәліметтері тіркелген азаматтар рееастріне енгізілуі тиіс. Тегін дәрі-дәрмек алуға мүмкіндік беретін рецептілерді тек учаскелік дәрігер немесе медициналық ұйымның бейінді маманы жазып бере алады.
Қазақстан аумағында тұрақты тұрып жатқан, сонымен қатар сот шешімімен бас бостандығынан айыру мекемелерінде жазасын өтеп жатқан, ұсталған, қамауға алынған, арнайы мекемелерге орналастырылған және диспансерлік есепте тұрған азаматтар, қандастар, босқындар, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларды амбулаторлық деңгейде дәрілік заттар және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету жазаны өтеу орнына сәйкес медициналық ұйымға тіркеу арқылы іске асырылады.
Сонымен, ТМККК және МӘМС амбулатордық деңгейде дәрілік заттарды және медициналық бұйымдарды алу үшін не істеу қажет?
- тұрғылықты орны бойынша емханаға есепке тұру;
- диагнозды дәлелдеу және динамикалық бақылауға алыну үшін анализ тапсыру, учаскелік немесе бейінді дәрігердің динамикалық бақылауында болу;
- ауру түрі амбулаторлық дәрілік қамтамасыз ету тізімінде бар болған жағдайда, тиісті дәрігерден тегін рецепт алу;
- ТМККК және МӘМС аясында фармецевтикалық қызмет көрсететін дәріхана маманына жеке басты куәландыратын құжатты және дәрігер рецептін ұсыну.
ТМККК және МӘМС бойынша қызмет көрсететін дәріханалар тізімін емханадан алуға болады.
Айта кеткен жөн, мемлекет дәрілік заттарды халықаралық патенттелмеген атаулар бойынша сатып алады, сондықтан дәрі-дәрмектің атауы өзгеше болуы ықтимал. Мәселен,
парацетамол - патенттелмеген атау, ал Тайлол, Эффералган, Панадол - саудалық атаулар.
Аудан орталығынан шалғайда жатқан елді мекендерде дәріхана болмаған жағдайда, ТМККК және МӘМС аясында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдар арқылы жүзеге асырылады.
Құрамында есірткі мен психотропты заттар, прекурсорлар бар дәрілік заттарды беру дәріхана және медициналық ұйым арқылы есірткі, психотропты заттар, прекурсорлар таратуға рұқсаттамасы бар заңды тұлға арқылы жүргізіледі. Елді мекемнде мұндай рұқсаттамасы бар дәріхана болмаған жағдайда, дәрілік қамтамасыз ету рұқсаттамасы бар медициналық ұйым арқылы іске асады.
ТМККК және МӘМС арқылы амбулаторлық ем алу кезінде туберкулезбен және АИТВ-мен ауыратын науқастар тиісті арнайы мекемелер арқылы антитуберкулездік және антиретровирустық дәрілік заттармен тегін қамтамасыз етіледі.
Жаңа туған балаларға және олардың аналарына медициналық қобдишалар перинаталдық орталықтардан шығарған кезде беріледі.
Рецептті қалай алуға болады?
Рецептті әдетте тұрғылықты мекенжай бойынша тиісті емхананың учаскелік терапевті береді. Ауылдық жерлерде дәрігер болмаған жағдайда, рецептілерді науқастарды амбулаторлық деңгейде қабылдайтын орта медициналық мамандар береді. Науқастың дәрілік затқа жоспарлы мұқтаждығы медициналық ұйыммен тапсырыс түрінде жасалады. Артынан жалпылама тапсырыс жасалып, дәріханалар арқылы тарату үшін дәрілерді сатып алу жүргізіледі. Науқастың белгілі бір дәріге деген мұқтаждығы жинақталған жалпылама тапсырысқа енгізілмеген жағдайда дәрігер қосымша тапсырыс әзірлейді.