ТД бойынша сөйленген сөздер

Хабар 24 :Сұхбат. Айнұр Айыпханова 

 

«Хабар-24». «Сұхбат» тақырыбы: «100 мәселе – 100 шешім – 100 күн»

Елімізде Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен «100 мәселе – 100 шешім – 100 күн» атты әлеуметтік шара өткізілді.  Науқан аясында денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері қаралды, нақты ұсыныстар қабылданды. Толығырақ – Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы директорының міндетін атқарушы Айнұр Айыпхановамен сұхбат барысында:

 

Тілші:  Айнұр Тоқсанқызы,  «100 мәселе – 100 шешім – 100 күн» науқаны өте жақсы бастама екен. Іс жүзінде нақты нәтижелер бар ма?

 

Айнұр Тоқсанқызы: Аталған әлеуметтік шара денсаулық сақтау саласындағы, медициналық қызмет көрсету барысындағы өзекті мәселелер туралы халықтың өзінен білу, билік пен халықтың арасын жақындату мақсатында ұйымдастырылды. Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы тарапынан белгілі бір уақыт аралығына арнайы электронды почта құрылып, оған тұрғын халықтан 2088 хат түсті. Олардың 65%-ы қарапайым халықтан, 24%-ы медицина қызметкерлерінен, 11%-ы түрлі мемлекеттік ұйымдар мен қауымдастықтардан келді. Арнайы электронды мекен-жайға жолданған ұсыныс-шағымдардың кейбірі бірін-бірі қайталағандықтан, олардың 791-і таңдап алынды. ҚР Денсаулық сақтау миинстрі Е.Біртанов келіп түскен ұсыныс-шағымдар бойынша атқарылатын нақты іс-шаралар жоспарын 2017 жылдың 1 наурызында бекітті. Сол бойынша ұсыныс-шағымдар орындалу мерзіміне қарай бақыланады.

 

Тілші: 100 мәселені шешетін 100 күн өтті ме, әлде жалғасуда ма?

 

Айнұр Тоқсанқызы: «100 мәселе – 100 шешім – 100 күн» әлеуметтік шара науқаны аясында арнайы электронды почтаға ұсыныс-шағымдар қабылдау мерзімі аяқталды. Ал оларды қарау мерзімі жалғасуда. Келіп түскен ұсыныс-шағымдарды орындалу мерзіміне қарай үш топқа бөлдік: қысқа мерзімді, орташа мерзімді, ұзақ мерзімді. Осы мәселелерді белгіленген мерзім аралығында шешу жоғарыда айтылған жоспар бойынша жүзеге асырылатын болады.

 

Тілші: Көпшілікті нендей мәселелер алаңдатады екен?

 

Айнұр Тоқсанқызы:  Көтерілген мәселелеріне қарай сараптайтын болсақ, негізінен, бірінші орында – медициналық қызметті ұйымдастыру мәселелері, екінші орында медициналық қызмет сапасы, үшінші орында – кадр мәселесі, төртінші орында – дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері тұр десек болады. 

 

Тілші:  Ал осы мәселелерді шешу механизмдері қалай болмақ?

 

Айнұр Тоқсанқызы:  Жоғарыда айтып өткеніміздей,  келіп түскен ұсыныс-шағымдар бойынша атқарылатын нақты іс-шаралар жоспарында жауапты органдар белгіленген.

Медициналық қызмет сапасына қатысты мысал келтіре кетейін, біздің дәрігерлер пациенттерді белгілі бір стандарттар бойынша емдеуі керек. Ол – емдеу-клиникалық хаттамасы, сырқаттарды емдеу нұсқаулығы. Біздің елімізде басшылыққа алынатын нұсқаулықтар мен дүниежүзілік хаттама арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар екен. Сондықтан, медициналық қызмет сапасын көтеру, емдеу нәтижесін арттыру үшін еліміздегі емдеу тәсілдерін дүниежүзілік емдеу-профилактикалық хаттамасына сәйкестендіру жұмыстары жүргізілуде...

 

Тілші:  Қалай ойлайсыз, денсаулық сақтау жүйесіндегі күрделі мәселелерді шешу - бір ғана Денсаулық  сақтау министрлігінің міндеті ме, әлде кешенді жұмыс жасау керек пе?

 

Айнұр Тоқсанқызы:  Әрине, кешенді жұмыс қажет. Себебі, әр аймақтың өз ерекшелігі, өзіндік мәселелері бар. Қазіргі заманғы технологияның арқасында, Денсаулық сақтау министрлігінде өткізілетін селекторлық жиында барлық аймақтармен тікелей байланысқа шығу мүмкін болып отыр. Сондай-ақ, Қазақстанда бірінші рет, медициналық қызметкерлер арасында бірыңғай электронды жүйе құрылып, бүгінгі күні тіркелу жүруде. Бірыңғай электронды жүйе бойынша қандай да бір құжатты (бұйрықтар, шешімдер, енгізілген өзгерістер, ауысымдар, т.б.) еліміздің аймақтары бір уақытта алып, ақпараттар жедел жетіп отырады.

Жалпы, ұсынысты жоғарыдан күтіп отырмай, халықпен тығыз байланыста болсақ, кез келген мәселе дұрыс шешімін табады деп ойлаймын.

 

Тілші: Сұхбат алдағы уақытта жалғасын табатын болады..