Денсаулық сақтау бойынша қаржыландыру реформаларының өзекті мәселелері қаралды

Астанада еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы мен Р4Н – Денсаулық сақтауды және әлеуметтік қорғауды қаржыландырудың ғаламдық желісі ұйымдастырған «Халықты медициналық көмекпен жаппай қамтуды қамтамасыз етуге арналған денсаулық сақтауды қаржыландыру реформалары» атты мемлекетаралық конференция осы саланың өзекті мәселелерін қарады.  

 

 

 

 

 

Орталық Азия елдері мен Р4Н ұйы­мына мүше елдерде денсаулық сақтау саласын қаржыландыру реформасын жасау, сапалы медициналық қызмет­­ке бірдей қолжетімділікті қамта­масыз ету және медицинаның қызмет түрлері­мен барлық халықты бірдей қамту мәселе­лері ортақ проблемалардың бар­лы­ғын көрсетеді. Бұл проблемамен ай­на­лыса­тын дүниежүзілік Р4Н, яғни дүние­жүзілік денсаулық сақтау саласын қаржы­ландыру желісі бүгінде Әлемдік банк, Дүниежүзілік еңбек ұйымы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Азия даму банкі секілді он бестен аса әріптестің, Германия, АҚШ, Оңтүстік Корея, тағы басқа барлы­­ғы он бес шақты мемлекетті мүше етіп отырған ірі халықаралық ұйым. Оған 2017 жылы Қазақстан да мүше­­лікке енді. Журналистерге берген сұх­­ба­тын­да Дүниежүзілік Р4Н қозға­лы­­сы желіс­інің жетекшісі Клод Мейер: «Эконо­мика­лық жылдам дамып келе жатқан Қазақ­станның ұйымға кіруінің ар­тық­­шылы­ғы, жас тәуелсіз ел әлем­дік қо­­ғам­­дастық сарапшыларынан өзде­рін­де жүр­гізетін реформаға қажетті білім мен тә­жірибе алып қана қоймайды, өз тәжіри­бесімен де бөліседі деп ойлаймын», деді. 

 

Елімізде әлеуметтік міндетті меди­ци­налық сақтандыру реформасы жүргізіліп жатыр. Оны биыл іске қосу жобаланғанымен көптеген негізді себептерге байланысты 2020 жылға шегерді. Әрине, қиындықтар жоқ емес. 

 

– Реформа жүргізгенде қателес­пеуіміз қажет. Дүние жүзіндегі озық әдістемелерден үйренгенде, өзге елдер­дің тәжірибелерімен санасқанда ғана бұл өте жауапты әлеуметтік реформаны жүргізгенде қателіктерге ұрынбауға, қайталамауға болады. Осы мақсатта елімізде алғаш өткен мемлекетаралық конференцияға Швейцария, Германия, Филиппин, Эстония, Польша, Қытай мен Аустралия, Қырғызстаннан келген саясат және денсаулық сақтау саласын қаржыландыру саласындағы жетекші сарапшылар, сонымен қатар еліміздегі сала мамандары қатысып отыр, – деді Денсаулық сақтау министр­лігі Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының бас директоры Айнұр Айтыпханова.

 

Бүгінде Қазақстанда енді қолға алынған әлеуметтік міндетті меди­циналық сақтандыру ісінде жақсартуды талап ететін проблемалар жетер­лік. Оның бәрі алдымен денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың мардымсыздығына байланысты екенін айтуымыз керек. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға барлық ішкі жалпы өнімнің 2 пайызы ғана бөлінеді, қалған қаржы көздерін қоса есептегенде барлық бөлінген қаржы 3,6 пайыздан аспайды. Ал экономикалық қуат қаржысы Қазақстанға ұқсас мемлекеттерде бұл көрсеткіш 6,3, ал экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерде 9,3 пайызды құрайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сала жұмысын тиімді дамыту үшін дамыған елдерде ішкі жалпы өнімнен бөлінетін қаржы 6-8, ал дамуы баяу елдерде бұл көрсеткіш 5 пайыздан кем болмауы тиіс екендігіне кеңес береді. Қазақстанда Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру реформасының басталуына орай тағы бір өзекті мәселе бас көтерді. Еліміздегі бейресми секторда, яғни өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ететін әр алтыншы тұрғын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қамтылмаған. Олардың саны 2 миллион 700 мыңға жеткен. Сондықтан денсаулық сақтау саласын дамытуға бөлінетін қаржы халықаралық көрсеткіштен де төмен түсіп кеткен біздің елдегі реформаның нәтижесін жақсарту үшін мамандар сарапшылар пікіріне көбірек құлақ қоюды дұрыс деп отыр. Бұл жөнінде Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой денсаулық сақтау саласында жүріп жатқан ең қажетті реформаның табысты болуы үшін мұндай алқалы басқосулардың қажеттігін атап айтты. Германиядан келген профессор Конрад Оберманн Еуро­падағы медициналық сақтандыру тәжірибелерін айтса, Азия даму банкі Тұрақты даму мен климаттық өзгерістер департаментінің бөлім кластері, ден­сау­лық сақтау жөніндегі бас маман Эдуар­до Банзон Азия мен Тынық мұхит ел­дерін­дегі тәжірибелерге шолу жасады. 

 

Конференцияның ашылуынан кейін екі күн – кешелі-бүгін жүрген 8 сессия барысында халықаралық және қазақстандық сарапшылар денсаулық сақтау саласындағы медициналық көмекпен жаппай қамту үшін денсаулық сақтау саласын қаржыландыру, Қазақ­станда міндетті әлеуметтік медици­налық сақтандыруды енгізу, бейресми секторда сақтандыру өтемін кеңейту, жеңілдіктер пакеті, тағы басқа да өзекті мәселелерді талқылады.

 

 

 Источник